Кеше Қазақстан

ҚТЖ – ЖТ локомотив тартымы қызметтерінің тарифін көтереді

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» компаниясы 12 желтоқсаннан бастап жүктерді және бос вагондарды тасымалдау кезінде локомотив тартымы қызметтерінің құнын көтереді. Өзгерістер республика ішіндегі, экспорттық, импорттық және транзиттік қатынастардағы тасымалдарға қатысты болады.

Қазтеміртранс компаниясы өз клиенттеріне тарифтердің өзгеруі туралы ескертті. ҚТЖ-ЖТ тарифінің жоғарылауына байланысты республика ішіндегі қатынаста вагондар операторының қызметтеріне арналған прейскурант жаңартылады. Бұл ретте оператордың тарифінде «Қазтеміртранс» АҚ вагонын пайдалану бұрынғы деңгейде қалып отыр.

Экспорттық, импорттық және транзиттік қатынастарда оператор тарифінің бұрын берілген мөлшерлемесі 11 желтоқсанға дейін күшінде болады. 2024 жылдың 12 желтоқсанынан бастап магистральдық теміржол желілеріндегі қызметтер құнының өсуін ескере отырып, оператордың тарифтік мөлшерлемесі көтеріледі.

Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 6 желтоқсаннан бастап 2024-2025 жылдар кезеңіне магистральдық темір жол желілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифті көтерді.