Қазақстанда АӨК-те қосып жазылған мәлімет үшін айыппұл салынады
Ауыл шаруашылығы министрлігі Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қорлары мен мал басы туралы деректерді нақтылау бойынша жұмыс жүргізді. Нәтижесінде қосып жазылған мәліметтің едәуір көлемі анықталды. Сонымен қатар, статистикалық деректердің дұрыстығын бақылауды қамтамасыз ету бөлігінде заңнамалық жұмыс жүргізілді, деп хабарлады Мәжіліс отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
«Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен жұмыс тобы құрылды. Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп үлкен жұмыс атқарылды. Бірқатар жалған ақпарат алынып тасталды: 3 млн тонна сүт, 2 млн бас ІҚМ, 3 млн бас қой, 2 млн тонна картоп. Біз қазір бәрін ретке келтіріп, басынан бастадық. Ұлттық статистика бюросы ережелерге өзгерістер енгізді. Бірінші рет (қосып жазылған мәлімет анықталған кезде) – ескерту, екінші рет – айыппұл», - деді Айдарбек Сапаров.
Өз кезегінде Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев дұрыс емес ақпарат бергені үшін Бюро респонденттері әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 497-бабы бойынша жауапқа тартылатынын атап өтті.
«Сонымен қатар, биыл біз мемлекеттік статистика туралы Заңға өзгерістер енгіздік, атап айтқанда, әкімшілік дереккөздердегі деректердің сапасын қамтамасыз ету және анықтау құзыретін қостық. Ол үшін біз қашықтан бақылауды және біздің және әкімшілік деректерді салыстыруды жүзеге асыратын Data-бақылаушылар институтын құрдық. Бұл бізге бұрмаланулар мен қосып жазылған мәліметті анықтауға және деректердің дұрыстығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Мақсат Тұрлыбаев.
Сондай-ақ, 2025 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы санағы өтеді, бұл сала статистикасындағы кемшіліктерді анықтауға мүмкіндік береді.