Қазақстанда екі жылда 12 млн гектардан астам ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды
Қазақстанда 2022 жылдан бастап мемлекетке 12,1 млн га пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген жерлер қайтарылды. Оның 4,8 млн гектары қайта бөлінді, деп АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов хабарлады.
Сонымен қатар, тексерулер мен тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 3,7 млн га алқапта жерді игеруге кірісті.
Жер комитетінің басшысы мемлекет басшысының пайдаланылмайтын жерлерді қайтару жөніндегі тапсырмасын орындауда AMANAT партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясы жүзеге асыратын қоғамдық-партиялық бақылау маңызды рөл атқарғанын атап өтті.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы ҚР заңнамасын бұза отырып пайдаланылмаған және берілген жерлерді алып қою жөніндегі жұмыс комиссиясы Республикалық комиссияға өзгертілді.
«Республикалық комиссияның негізгі міндеті ауыл халқының мұқтажы үшін жерді қайта бөлуді, сондай-ақ жер ресурстарын ұтымды пайдалануды бақылау болып табылады. Бұдан басқа, қазіргі уақытта Президенттің тапсырмасын ескере отырып, салық төлеуді, инвестициялар тартуды және тиісті ауылдық аумақтарды дамытуды қамтамасыз ететін қолданыстағы ауыл шаруашылығы өндірушілері мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеушілер үшін жер пайдалану құқығын жалғастыру мәселесі пысықталуда», - деп Мұрат Теміржанов хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тиімді өндіріс құра отырып, мақсаты бойынша пайдаланылған жағдайларда бұзушылықпен берілген ауыл шаруашылығы жерлерін қайтаруды тоқтатуды тапсырған болатын.