Ауыл шаруашылығы министрлігі 2025 жылы 2 млн гектар жерді қайтарып алуды жоспарлап отыр
Қазақстанда 2024 жылы мақсаты бойынша пайдаланылмаған немесе бұзушылықпен берілген 2 млн гектардан астам ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекеттік меншікке қайтарылды. Ағымдағы жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі тағы 2 млн гектар жерді қайтарып алуды жоспарлап отыр, деп хабарлады АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов.
«2025 жылы біз 2 млн га пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерін мемлекет меншігіне қайтаруды жоспарлап отырмыз. Бұл жер ресурстарын ұтымды пайдалану және оларды шаруашылық айналымға тарту үшін негіз болады», - деп Мұрат Теміржанов әлеуметтік желілерде жазды.
Оның айтуынша, биыл Қазақстанда көміртегі егіншілікті дамыту бойынша жол картасы әзірленіп, бекітіледі. Бұл климаттың өзгеруіне қарсы күресте және топырақ құнарлылығын арттыруда маңызды қадам болады.
Сонымен қатар, 2024 жылы 2024-2030 жылдарға арналған топырақ құнарлылығын қалпына келтіру және арттыру жөніндегі жол картасы бекітілді. Оны іске асыру шеңберінде 2025 жылы жердің тозуына қарсы күреске баса назар аудара отырып, өңірлік жоспарларды бекітуге ерекше назар аударылатын болады.
Сондай-ақ Парламентте «Топырақты қорғау туралы» заң жобасын қарау жалғасады. Бұл топырақты қорғау, оның сапасы мен құнарлы қабатын сақтау мәселелерін реттеудегі негізгі құжат болады.
«Осы бағыттардың әрқайсысы біздің әріптестеріміздің кәсібилігін, жергілікті атқарушы органдармен белсенді өзара іс-қимылды және азаматтық қоғамның қатысуын талап етеді. Бірлескен күш-жігермен алға қойылған мақсаттарға қол жеткізетінімізге сенімдімін», - деп атап өтті Мұрат Теміржанов.