17:00 Қазақстан

Қазақстан мен Түркия өсімдіктер карантині саласында ынтымақтасатын болады

Мәжіліс 2022 жылғы 10 мамырда Анкарада қол қойылған Қазақстан мен Түркия Үкіметтері арасындағы Карантин және өсімдіктерді қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің ратификациялануын мақұлдады. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.

Келісім фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және екі мемлекеттің аумағында карантиндік зиянды организмдердің әкелінуі мен таралуын болдырмау үшін жасалған.

Ратификациялау тараптар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал ететін болады. Келісім бірқатар міндеттемелерді белгілейді. Енді елдер құқықтық актілермен, карантиндік зиянды организмдердің ұлттық тізімімен және карантин мен өсімдіктерді қорғауға қатысты басқа ережелермен алмасуы керек. Сондай-ақ, Қазақстан мен Түркия бір-бірін фитосанитариялық жағдай және карантиндік зиянды организмдерді анықтау және тарату жағдайлары, сондай-ақ оларға қарсы күрес және бақылау тәсілдері туралы хабардар етуге міндеттенді. Сонымен қатар, ғылыми-зерттеу институттары мен ұйымдар арасында өсімдіктерді карантин және қорғау саласындағы ғылыми ынтымақтастықты дамытатын болады.

Бұдан басқа, келісім әкелінетін жүктерге қатысты талаптарды регламенттейді, карантинге жатқызылған материалдармен импорттық және экспорттық операцияларды жүзеге асыру кезіндегі бірлескен шараларды реттейді.