Қазақстан фитобақылауды күшейту үшін шекараларда зертханалық желіні кеңейтуде
Қазақстан фитосанитариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын дамытып, өнімге бақылауды күшейтеді. Бұл туралы ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов Сенат депутаттарының сұрауына жауап бере отырып хабарлады.
«Сыртқы шекараларда зертханалық желіні кеңейту, мобильді зертханаларды және экспресс-диагностиканың заманауи әдістерін енгізу жүзеге асырылуда. Жабдықтар жаңартылуда, соның ішінде ақылы қызметтерді көрсетуден алынған қаражат есебінен, олар зертханалық жабдықтарды, реагенттерді және экспресс-тесттерді сатып алуға, сондай-ақ Астана, Шымкент және Көкшетау қалаларындағы зертханаларды қайта жаңартуға жұмсалады», - деді Олжас Бектенов.
Ол қазіргі уақытта елімізде 34 карантиндік зертхана жұмыс істейтінін, оның 10-ы ПТР-жабдықтармен (Семей, Ақтөбе, Ақтау, Орал, Шымкент, Астана, Алматы, сондай-ақ Сарыағаш, Қонысбаев және «Нұр-Жолы» бекетінде) жабдықталғанын атап өтті.
Қосымша жоғары жүктемелі фитосанитариялық бекеттерде жұмыс істеуге арналған екі жылжымалы зертхана, «Қазыгұрт» и «Атамекен» бекеттеріне арналған контейнерлік үлгідегі екі модульдік зертхана сатып алынды. Оларды пайдалану диагностиканың жеделдігін, бекеттердің өткізу қабілетін және бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, деп атап өтті үкімет басшысы.
Оның айтуынша, зертханалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту, оны аккредиттеу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен сыртқы саудада артық кедергілерге жол бермеу арасындағы теңгерімді сақтай отырып, сынамаларды іріктеу және жеткізу логистикасын жетілдіру басым міндет болып қала береді.
Бұдан басқа, цифрлық трансформация шеңберінде өнімнің қадағалануын қамтамасыз ететін электрондық фитосанитариялық сертификаттар жүйесі енгізілді. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде деректер алмасу жүзеге асырылады, бұл рәсімдердің ашықтығын арттырады және бұрмалау тәуекелдерін азайтады.
Бұған дейін сенатор Ернұр Айткенов 2025 жылы 2024 жылмен салыстырғанда Қазақстанға карантинге жатқызылған өнімді әкелу кезінде карантиндік объектілерді анықтау саны екі есеге ұлғайғанын, мемлекеттік бақылау шеңберінде 3,6 мыңнан астам бұзушылық тіркелгенін мәлімдеді. Өткен жылы импорттық өнімдегі карантиндік объектілердің 140-қа жуық жағдайы ресми түрде анықталды, бұл тәуекелдердің жүйелік сипатын көрсетеді. Бұл ретте фитосанитариялық қызметке нақты жүктеме жоғары болып қалады.
Сондай-ақ депутат зертханалық құрал-жабдықтардың тозғанын, мамандандырылған көліктің тапшылығын және өңірлер бойынша инфрақұрылымның біркелкі еместігін айтты.
«Көптеген пункттердегі материалдық-техникалық база қарапайым нормаларға сәйкес келмейді: тез бұзылатын өнімді сақтауға арналған тоңазытқыш камералар және фитосанитариялық тексеру жүргізуге арналған жабық алаңдар жоқ, бұл бизнес үшін сараптамадан өту талаптарын жиі мүмкін емес етеді және кәсіпкерлердің негізсіз шығындарына әкеледі. Сонымен қатар, жағдай өсімдік тектес өнімдерді тасымалдау кезінде қадағалаудың болмауымен күрделене түседі», - деп атап өтті Ернұр Айткенов.