Қазақстан алма импортына тыйым салды
Қазақстанға Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен алма әкелуге тыйым салынды, ол 2026 жылдың соңына дейін қолданылады.
Тыйым үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден көліктің барлық түрімен алма әкелуге қатысты қолданылады. Тек транзиттік тасымалдарға ғана ерекшелік жасалған.
Бұйрыққа сәйкес, кәсіпкерлер елге тыйым салынған күнге дейін, яғни 3 қыркүйекке дейін жөнелтуші мемлекетте экспорттың кедендік рәсіміне енгізілген алмаларды әкеле алады. Сондай-ақ, Қазақстан нарығына бұйрық қолданысқа енгізілген күнге дейін ел аумағына іс жүзінде әкелінген, оның ішінде уақытша сақтаудағы алмалар да түседі.
Бұған дейін, алма әкелуге тыйым салуды жоспарлау кезеңінде Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл шара отандық өндірушілерді қолдауға және өнімді тұрақты өткізуді қамтамасыз етуге ықпал ететінін мәлімдеді.