Депутаттар АӨК-ті қаржыландыру үшін «баспа білдегін» қосуға шақырды
Дала жұмыстары басталғанға дейін Қазақстанның фермерлері өткен жылғы субсидияларды төлеуді күтуде, олар бойынша борыштар бүгінде 296 млрд теңгені құрайды және өсуді жалғастыруда. Сондай-ақ, Үкімет ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтау мақсатында ҚР Президенті жүзеге асыруды тапсырған астықты тікелей сатып алуға қаржы бөлу мәселесін үшінші айдан бері шешуде. Мәжілістің Ауыл фракциясы мен Аграрлық мәселелер комитеті депутаттары саланы қажетті қаржы көлемімен қамтамасыз ету үшін үкіметті ерекше шаралар қабылдауға шақырып отыр.
«Мемлекеттің фермерлер алдындағы міндеттемелерін орындау үшін қаражаттың созылмалы жетіспеушілігі жүйелі мәселеге айналды. Фермерлер субсидия алуға өтініштерінің қаралуын екі жылға дейін күтті. Мемлекеттен төленетін төлемдердің кешігуіне байланысты фермерлер екінші деңгейдегі банктердің қымбат несиелері есебінен шығындарды жабуға мәжбүр болады, бұл олардың қаржылық жағдайын нашарлатады», - деді Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев премьер-министр мен Ұлттық банк төрағасының атына сұрау салуды жариялай отырып.
Ол 2024 жылғы қарашада мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің форумында үкіметке фермерлерден нарықтағы бағаны ұстап тұру үшін жеткілікті көлемде астық сатып алуды ұйымдастыруды тапсырғанын еске салды. Бірақ фермерлер үшін бұл маңызды тапсырманы орындау ұзаққа созылды. Депутаттардың сауал салуына үкімет 20 қаңтарда астық сатып алуға қаражат бөлу туралы шешім жобасы қаржы-экономикалық негіздемені әзірлеу сатысында тұрғанын хабарлады.
«Үшінші ай өтті, ал Үкіметтен талап етілгендей батыл, ерекше және тексерілген шешімдерді біз көрмедік. Барлық сұрауларға біз әрқашан бірдей жауап аламыз: ақша жоқ. Ақша массасының эмиссиясын ұлғайту туралы ұсынысқа инфляция тәуекелдері туралы айтылады. Бірақ экономика факультетінің кез келген студенті инфляция тауарлармен қамтамасыз етілмеген ақша массасы екенін біледі, ал біздің фермерлер нарыққа 26 млн тоннадан астам астық шығарды. Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басқа да өнім түрлерін есептемегенде», - деп атап өтті Серік Егізбаев.
Депутаттар өз сұрауында Үкімет алдына АӨК субсидиялау саясатынан қолжетімді несиелеу саясатына біртіндеп көшу міндеті қойылғанын атап өтті. Фермерлер жаңа экономикалық жағдайларға ауыртпалықсыз бейімделуі үшін саланы қаржыландырудың жеткілікті көлемімен қамтамасыз ету қажет.
«Бұл жағдайда үкімет пен Ұлттық банкке ақша массасының эмиссиясын ұлғайту туралы батыл және ерекше шешімдер қабылдауды немесе жай ғана айтқанда, ауыл шаруашылығының өндірілген жалпы өнімінің көлеміне баспа білдегін қосуды және аграрийлерге қалыпты жұмыс істеу үшін жағдай жасауды ұсынамыз», - деді Серік Егізбаев.