16:03 Қазақстан

АНК қарыздарды өсімпұлсыз өтеу науқанын бастады

Аграрлық несие корпорациясы 2025 жылдың 26 желтоқсанына дейін жұмыс істейтін «Қарызды өсімпұлсыз өтеу» акциясын бастады. Бұл туралы корпорацияның баспасөз қызметі хабарлады.

«Бастама мерзімі өткен берешегі бар клиенттерді қолдауға бағытталған және өсімпұлды есептемей қарызды толығымен өтеуге мүмкіндік береді», - деп АНК нақтылады.

Қарыз алушылар – акция кезеңінде мерзімі өткен берешегі, соның ішінде сот арқылы өндіріп алынған берешегі бар заңды және жеке тұлғалар акцияға қатыса алады.

Қарыз алушы келесі міндеттемелерді толық өтеген жағдайда өсімпұлды есептен шығаруға болады:

  • мерзімі өткен сыйақы сомалары;
  • мерзімі өткен негізгі борыштың сомалары;
  • айыппұл сомалары.

Әрбір қатысушы бұл мүмкіндікті акция кезеңінде тек бір рет қана пайдалана алатыны атап өтілді.

«Акцияға қатысу үшін 2025 жылдың 26 желтоқсанына дейін Аграрлық несие корпорациясының банктік шоттарына қаражат аудару арқылы мерзімі өткен берешекті өтеу қажет», - деп түсіндірді корпорацияда.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «ҚазАгроҚаржы» АҚ сыйақы мөлшерлемесінің субсидияланатын бөлігін уақтылы алмау салдарынан қарыз алушыларға есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығару жөніндегі акцияны іске қосқан болатын. Ол 2026 жылдың 1 наурызына дейін жалғасады.