Тоқаев 20% ҚҚС тым жоғары деп атады
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке ҚҚС мөлшерлемесі бойынша мәселені қосымша пысықтауды тапсырды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Мен бұған дейін бұл туралы көзқарасымды білдірмеген едім, өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады, соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді. ҚҚС мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол үкіметті экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, мөлшерлемені қолданудың әртүрлі нұсқаларын пысықтауға шақырды. Бұл ретте ҚҚС-тың жоғарғы жолағы бойынша шешімді Үкімет білікті сарапшылардың, кәсіпкерлер мен депутаттардың пікірін ескере отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдауға тиіс.
«Бір анығы, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағдайда артық сөздер де айтылды. Дегенмен, бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын. Тағы қайталап айтамын, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керек. Биыл нақты шешім қабылдануға тиіс», - деді президент.
Ол кез-келген инновация жан-жақты талдау мен ойластырылған стратегия негізінде жүргізілуі керек екенін атап өтті.
«Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет, яғни, бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.