Үкімет аграрийлерді ҚҚС-тан толық босатуды ұсынады
Қазақстанның Үкіметі 0-ден 16%-ға дейінгі ҚҚС-тың сараланған мөлшерлемесін белгілеу жөнінде ұсыныстар дайындады. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Біз мынадай тетікті қарастыруды ұсынамыз: жалпы белгіленген ҚҚС мөлшерлемесі 16%, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін ҚҚС-тан толық босату, ал бірқатар салалар үшін - 10% мөлшеріндегі аралық мөлшерлеме. Осылайша, үкімет ұсынған мөлшерлемелерді саралау: 16%, 10%, 0% және босату», - деді ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин Астанадағы бизнес өкілдерімен кездесуде.
Қазіргі уақытта шаруа қожалықтары ҚҚС төлемейді, ал аграрлық сектордағы заңды тұлғалар қолда бар жеңілдіктерге байланысты бюджетке төлеуге тиісті салықтардың тек 30%-ын төлейді. Жаңа тетіктер бойынша олардың ешқайсысы ҚҚС төлемейді. Бұл қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін (картоп, қызанақ, пияз және т.б.) бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік береді.
10% мөлшерлеме қолданылатын салалардың түрлері бизнеспен әлі де талқылануда.
Сондай-ақ, жеңілдетілген декларация мен бөлшек салық режимін оның мәні – жылына 600 мың АЕК (2 млрд 359 млн теңге) мөлшерінде табыс шегін сақтай отырып қайта қарау ұсынылады. Негізгі өзгеріс – бұл режимді тек B2C сегментінде (бөлшек саудада) жүзеге асыру.
Қызметкерлер саны бойынша шектеулерді алып тастау ұсынылды. Егер кәсіпкердің сатудан түскен табысы жылына 100 млн теңгеден асатын болса, салық салынатын табысты ЕТҚ (еңбекақы төлеу қоры) сомасына азайту мүмкіндігі көзделген. Осылайша, 100 млн теңге шегі жалақыны ақтауды ынталандыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте бөлшек салықтың 4% мөлшерлемесі сақталады (мәслихаттардың 50%-ға төмендету мүмкіндігімен).
Салық реформасын іске асыру кезінде ел бюджетіне салық түсімдерінің жыл сайын 4-5 трлн теңге өсуі күтіледі. Бұл қаражат Ұлттық қорға тәуелділікті азайтуға, мемлекеттік қарыз деңгейін төмендетуге және қосымша ресурстарды инвестициялық жобаларға несиелеуге, даму институттарын дамытуға, ТКШ, жылу-энергетикалық жүйені жаңғыртуға көмектеседі.