ҚҚС-ты өзгерту туралы Салық кодексіне түзетулер Парламентке енгізілді
20 ақпанда Ұлттық экономика министрлігі Парламент Мәжілісіне Салық кодексінің жобасына кейбір салалар бойынша қосылған құн салығын 16%-ға дейін арттыруды көздейтін түзетулер пакетін енгізді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Министрліктің хабарлауынша, негізгі түзетулер ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегін – 20 мың АЕК-тен (78,6 млн теңге) 3,8 мың АЕК-ке (15 млн теңге) төмендетуді қамтиды.
Сондай-ақ, ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін арттыру көзделген, бұл ретте жекелеген салалар үшін 10% төмендетілген мөлшерлеме белгіленеді.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін ҚҚС мөлшерлемесі 0% құрайды.
Сонымен қатар, жеңілдетілген декларацияның арнайы салық режимін қолдануды шектеу ұсынылады – ол тек B2C (соңғы тұтынушыларға арналған бизнес) сегменті үшін қол жетімді болады.
Ведомство өзгерістер салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге бағытталғанын мәлімдеді.