Қазақстан Бельгияға астық жеткізу туралы уағдаласуда
Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Марғұлан Баймұхан бельгиялық тамақ өнеркәсібінің жетекші өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Оның ішінде, Maselis компаниясының өкілдерімен қазақстандық астықты жеткізу мүмкіндіктері талқыланды, деп СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Maselis екі ғасырға жуық уақыт бойы (1829 жылдан бастап) тамақ өнеркәсібіне арналған астық өнімдерінің ірі еуропалық жеткізушісі болды. Кездесуде қазақстандық астықтың экспорты, сондай-ақ астық дақылдарын терең өңдеу жөніндегі бірлескен кәсіпорынды іске қосу мүмкіндігі талқыланды. Марғұлан Баймұхан ҚР-дағы инвесторларды қолдау құралдары, сондай-ақ Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды дамыту туралы айтып берді.
Maselis компаниясының басшысы Патрик Маселис 2024 жылы Қазақстандағы дәнді дақылдардың рекордтық өніміне түсініктеме бере отырып, қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің жоғары сапасын атап өтті.
Сондай-ақ, Марғұлан Баймұхан 1856 жылы құрылған De Halve Maan сыра қайнату компаниясының иесі Ксавье Ваннестемен ынтымақтастық келешектерін талқылады. Сапалы бельгиялық сыра өнімдерін өндірудің дәстүрлі табысты тәжірибесін ескере отырып, компания басшысы Қазақстанның сыра қайнату нарығына сауда-өндірістік қатысуға шақырылды.
Өз кезегінде Dossche Group компаниясының басшылығымен кездесуде Қазақстанның тамақ өнеркәсібіне инвестициялар мен ынтымақтастық үшін жаңа бағыттар қарастырылды. Dossche Group – 1911 жылы құрылған жеке отбасылық компания, Еуропадағы ең ірі үш ұн тарту компаниясының бірі. Оның жылдық айналымы 800 млн еуродан асады, ал экспорт географиясы 50-ден астам шетелдік нарықты қамтиды.
«Бельгиялық кәсіпкерлер қазақстандық шаруашылық жүргізуші субъектілермен коммерциялық байланыс орнатуға қызығушылық танытты. Бірқатар коммерциялық және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қазақстандық және бельгиялық компаниялар арасында келіссөздер жүргізу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді», - деп СІМ хабарлады.