Шығыс Қазақстанда жаңбырлатқыш машиналар өндірісі іске қосылады
SU BEREKE маркалы жаңбырлатқыш машиналарын шығаратын зауытты Шығыс Қазақстан облысының аумағында ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа зауыттың өндірістік қуаты жылына 1000 жаңбырлатқыш машинаны құрайды.
“Осылайша, бұл жоба шетелдік техника өндірушілеріне тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Кепілдік және сервистік қызмет көрсету қарастырылған. Өнімдер Орталық Азия мен ТМД нарықтарына да бағдарланатын болады", - деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрлігінде.
Ведомствода еске салғандай, ADAM компаниялар тобы 2024 жылы SU BEREKE брендімен айналмалы типтегі жаңбырлатқыш машиналардың алғашқы отандық өндірісін іске қосты. 2024 жылы СТ-KZ сертификаты және ЕАЭО сәйкестік сертификаты алынды.
30 машина шығарылды, оның 7-і Шығыс Қазақстан облысының егістіктеріне жиналды.
Биыл ADAM машиналардың жаппай өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр.
Жоба суару мәселесін және қол жетімді техниканың жетіспеушілігін шешуге бағытталған: жаңбырлатқыш машиналар суды егістіктерге біркелкі таратуға мүмкіндік береді, оның шығынын 30-40%-ға азайтады", - деп нақтылады АШМ.