10 марта 2025 Қазақстан

AgriTek/FarmTekAstana көрме бағдарламасы жарияланды

AgriTek/FarmTekAstana-2025 көрмесі елордалық EXPO орталығында 12-14 наурыз аралығында өтеді. Оған қатысу үшін 15 елден, соның ішінде Австрия, Беларусь, Германия, Үндістан, Қазақстан, Қытай, Ресей, АҚШ, Түркия, Украинадан 200-ден астам экспонент тіркелді. Сондай-ақ көрмеге қатысушылар мен келушілер үшін ауыл шаруашылығының түрлі бағыттары бойынша іскерлік бағдарлама дайындалды.

Бағдарлама аясында 12 наурызда АҚШ-тың Майбұршақ экспорты жөніндегі кеңесі (USSEC) шығындарды, қалдықтарды және көміртегі ізін азайтуды ескере отырып, жем рецептерін жасау тақырыбында семинар өткізеді. Баяндамашы - Румыния Жем өндірушілер қауымдастығының президенті және USSEC кеңесшісі доктор Яни Кихая.

«Инновационный прогресс» компаниясы 13 наурызда «2025 жылғы агромаусымда экономикалық тиімді өнімді қалай алуға болады? ХӨҚҚ және минералды тыңайтқыштарға шығындарды оңтайландыру» тақырыбына семинар өткізеді. «БашИнком» АӘД ЖШҚ директорының ғылым жөніндегі орынбасары, биология ғылымдарының докторы Владислав Сергеев осы тақырып бойынша өз тәжірибесімен бөліседі.

Сол күні Kazakhstan Agrodrondary қауымдастығы фермерлермен кездесуді өткізуді жоспарлап отыр.

Іскерлік бағдарламамен толығырақ осында танысуға болады.

AgriTek/FarmTekAstana-2025 көрмесінің есіктері келушілер үшін 12 және 13 наурызда сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін, 14 наурызда сағат 10.00-ден 14.00-ге дейін ашық болады. Қазіргі уақытта стендтерді орнату және көрмені безендіру аяқталуда.

Естеріңізге сала кетейік, көрменің тақырыбы ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын қамтиды: мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары, цифрландыру және тағы басқалар. Көрмеге бару тегін, ол үшін тек тіркеліп, өзіңіздің жеке бейджіңізді алу керек.