08:05 Қазақстан

Қазақстан 15 мамырдан бастап Иранға бажсыз астық жеткізе алады

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Иран Ислам Республикасынан еркін сауда туралы толық форматты Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің аяқталғаны туралы ресми хабарлама алды. Бұған дейін, 2025 жылғы қаңтарда Иран тарапына ЕАЭО-дағы барлық рәсімдердің аяқталғаны туралы хабарлама жіберілген болатын, деп ЕЭК баспасөз қызметі хабарлады.

«Келісімнің ережелеріне сәйкес қажетті рәсімдердің аяқталғанын растайтын ноталармен алмасқаннан кейін құжаттың күшіне енуі үшін 60 күн мерзім көзделген. Осылайша, келісім 2025 жылғы 15 мамырда күшіне енеді», - деп атап өтті ЕЭК сауда министрі Андрей Слепнев.

ЕЭК бағалауы бойынша, келісімді жүзеге асыру жақын болашақта өзара тауар айналымын рекордтық 12 млрд долларға жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл ағымдағы көлеммен салыстырғанда шамамен екі есе өсуді білдіреді.

Естеріңізге сала кетейік, ЕАЭО елдері мен Иран арасындағы еркін сауда туралы келісім тауарлардың, атап айтқанда, дәнді дақылдардың 85%-дан астамы үшін импорттық кедендік баж салығын алып тастауды қарастырады. Келісім күшіне енгеннен кейін Қазақстан Иранға 3 млн тоннаға дейін бидай мен 1,5 млн тонна арпаны бажсыз жеткізе алады. Сондай-ақ, Иран жүгері, қарақұмық, шоколад, күнбағыс майы, болат, тыңайтқыштар мен ауылшаруашылық техникасына кедендік баж салығын алып тастайды.