12:52 Қазақстан

Қазақстанда тыңайтқыштардың жаңа түрлері шығарыла бастайды

Қазақстанда алдағы бес жылда карбамид, калий хлориді және дикальций фосфатын өндіруді бастау жоспарлануда. Бұл туралы 5 мамырда Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.

«Қайта құру және жаңа жобалар есебінен 2030 жылға дейін тыңайтқыштардың жалпы көлемі 4 млн тоннаға дейін ұлғайтылатын болады. Сонымен қатар, карбамид, калий хлориді және дикальций фосфаты сияқты тыңайтқыштардың жаңа түрлерін өндіру жоспарлануда», - деді министрлік басшысы.

Жоспарға сәйкес аммофос өндірісі 1,5 млн тоннаға дейін, селитра – 800 мың тоннаға, аммоний сульфаты – 70 мың тоннаға, карбамид – 800 мың тоннаға, калий хлориді – 700 мың тоннаға, дикальций фосфаты – 300 мың тоннаға дейін ұлғайтылатын болады. Бұл тыңайтқыштар ел қажеттілігінің 80% құрайды.

Ерсайын Нағаспаев 2030 жылға қарай фермерлерді отандық өндірістегі тыңайтқыштардың негізгі түрлерімен (азот, фосфор, калий) толық қамтамасыз ету стратегиялық міндет екенін атап өтті.

Субсидияланатын тыңайтқыштарды заңсыз әкетуді шектеу үшін 2024 жылы аммофос пен аммиак селитрасын (ҚазАзот, Қазфосфат) экспорттауға айрықша құқық белгіленді. Министрдің айтуынша, бұл шара тыңайтқыштардың бағасын тұрақтандыруға және қазақстандық аграрийлерге жеткізілімдерді ұлғайтуға ықпал етті.