Кеше Қазақстан

Қазақстанның аграрийлері 2 млн текше метрге дейін қар суын жинақтай алады

Жаңа Су кодексіне сәйкес, су пайдаланушылар ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін қар суын өз бетінше және арнайы рұқсатсыз жинай алады. Ол үшін тоған, резервуар немесе көлемі 2 млн текше метрден аспайтын басқа контейнер салу керек. Шара аграрийлерді суармалы сумен қамтамасыз етуді жақсартуға және Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған. Бұл туралы ҚР Су ресурстары министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство еріген суды жинауға арналған құрылым қауіпсіздік талаптарына сай болуы, өзендермен, көлдермен және басқа да су объектілерімен байланысты болмауы, қоршаған ортаға зиян келтірмеуі тиіс екенін атап өтті. Гидротехникалық құрылысты салғаннан кейін бұл туралы объектіні гидротехникалық құрылыстар тізіліміне енгізу үшін бассейндік су инспекциясын хабардар ету қажет.

Естеріңізге сала кетейік, мемлекет басшысы осы жылдың 9 сәуірінде қол қойған жаңа Су кодексі 10 маусымда күшіне енеді.

«Жаңа Су кодексі Қазақстанның су саласының барлық бағыттарын қамтиды. Оның негізгі міндеттерінің қатарында суды үнемдеудің жалпыұлттық саясатын қалыптастыру және дамыту, елді мекендерде сумен жабдықтау мен су бұруды реттеу, баламалы су көздерін пайдалану (жаңбыр және қар суы, су ресурстары ретінде пайдалануға болатын тазартылған сарқынды және тұзсыздандырылған тұзды сулар), сондай-ақ су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы тиімділікті арттыру», - деп су саясаты департаментінің директоры Серікжан Бекетаев мәлімдеді.