Қазақстанда жемшөп өсіру үшін 300 мың га жайылымға суару енгізіледі
Қазақстанда ауқымды агроиндустриялық кластер құру жөніндегі жобаны іске асыру туралы негіздемелік келісімге KAZAKH INVEST ҰК басқарма төрағасы Ержан Елекеев пен «Харвест Агро Холдинг» ЖШС директоры Дәулет Увашев қол қойды. Жоба жер асты сулары мен заманауи су үнемдеу технологияларын пайдалана отырып, жайылымдық және шалғайдағы жерлерді суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарына айналдыруды көздейді, деп ұлттық компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Жоба Жамбыл, Алматы, Жетісу, Түркістан, Павлодар, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарын қамтиды. Бірінші кезеңде инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 500 млн доллар болатын 150 мың га игеру және өңірлерде 1050 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарлануда. Дайындалған жерлерде инвестор экспорттық және жемшөп құндылығы жоғары ауыл шаруашылығы дақылдарын - ең алдымен жүгері мен майбұршақ өсіруді жоспарлап отыр.
Жобаның негізгі іс-шаралары бұрғылау, гидрогеологиялық, геофизикалық және топографиялық-геодезиялық жұмыстарды қоса алғанда, инженерлік-геологиялық және агрохимиялық ізденістер жүргізу, суару және су алу жүйелерін жобалау және монтаждау, энергетикалық және инженерлік инфрақұрылымды жүргізу, жерді агроөнеркәсіптік даярлау және ауыл шаруашылығы өндірісін іске қосу болып табылады.
«Харвест Агро Холдинг» ЖШС директоры Дәулет Увашев атап өткендей, жоба тұрақты аграрлық инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталған және 2030 жылға қарай суармалы жерлердің ауданын 2,5 млн гектарға дейін ұлғайту ұлттық мақсатына қол жеткізуге үлес қосады. Күтілетін нәтижелер аграрлық айналымға 300 мың гектарға дейін суармалы жерлерді тартуды, топырақ өнімділігін 4-6 есе арттыруды, жерасты көздері мен ылғал үнемдеу технологияларын қолдану есебінен су ресурстарын ұтымды пайдалануды, сондай-ақ ілеспе инвестицияларды ынталандыруды қамтиды.
«Жоба аясында біз жүгеріні өсіріп, оны ішкі нарықта да, экспортқа да сатуды жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті ол.
KAZAKH INVEST басқарма төрағасы Ержан Елекеев бұл жоба пайдаланылмайтын жерлердің орасан зор көлемін барынша тиімділікпен және ресурстарға жауапты көзқараспен айналымға қалай қайтаруға болатынын көрсететінін атап өтті.
«Біз елдің экспорттық әлеуетін нығайта отырып, инфрақұрылымға, жұмыспен қамтуға және технологияларға әсер ететін ауқымды аграрлық трансформация туралы айтып отырмыз. KAZAKH INVEST ұлттық компаниясы іске асырудың әрбір кезеңінде - жобалаудан бастап өндірісті іске қосуға дейін инвесторға жәрдемдесе отырып, жан-жақты сүйемелдеуді қамтамасыз етеді», - деді ол.
Келесі кезеңдерде тараптардың міндеттемелерін ресімдейтін және жобаны мемлекет тарапынан қолдауды қамтамасыз ететін инвестициялар туралы келісімге қол қою көзделген, деп ұлттық компанияда толықтырды.