Кеше Қазақстан

Қазақстанда ауыл шаруашылығы дақылдарының 154 келешекті сұрыптары масштабталады

Қазақстанда 2030 жылға дейін егіс алқаптарының 80%-ын отандық селекция тұқымымен қамтамасыз ету жоспарлануда. Осы бағыт бойынша ғылыми қамтамасыз етуді Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы (ҰАҒБО) жүзеге асырады. Бұл туралы Үкімет отырысында хабарлады.

«Соңғы 10 жылда шығарылған сұрыптарды түгендеу қорытындысы бойынша масштабтау үшін дәнді, бұршақты, майлы және басқа да дақылдардың 154 сұрыпы таңдалды. Олардың ішінде - Таймас», «Астана-2000», «Кудесница», «Айдын», «Семеновна», «Мақтаарал-5027» және басқалары өңірлік орташа көрсеткіштер аясында жоғары өнімділік көрсетті»,-деп атап өтті үкіметтің баспасөз қызметінде.

Вице-премьер - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осы сұрыптарды енгізуді және оларды еліміздің басқа өңірлеріне аудандастыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

2024-2026 жылдар аралығында ҰАҒБО жалпы құны 22,7 млрд теңгені құрайтын 26 ғылыми-зерттеу бағдарламасын іске асыруда. Негізгі назар селекцияны, органикалық егіншілікті және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуға аударылады. Мақсат -109 жаңа сұрыптар мен будандарды, сондай-ақ 2300 тонна жаңа сұрыптардың түпнұсқа тұқымдарын алу.

«2030 жылға қарай егіс алқаптарының 80%-на дейін отандық селекция тұқымымен қамтамасыз ету жоспарлануда. Ол үшін жыл сайын 40 мың тоннаға жуық түпнұсқа немесе элиталық тұқым өндіру қажет. Бұл нақты міндет, тек 2024 жылы біз 38 мың тонна тұқым шығардық, оның 11,4 мың тоннасы - түпнұсқа», - деп атап өтті ҰАҒБО басқарма төрағасы Айгүл Ахмеджанова.

Үкіметтің мәліметінше, 2025 жылғы 18 маусымда С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ негізінде сапаны бақылау және халықаралық санитарлық нормаларға сәйкестігі үшін қажетті барлық заттармен жабдықталған тамақ қауіпсіздігі зертханасы ашылды.

Сондай-ақ, Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінің (ҚХР) қатысуымен органикалық өнімді сертификаттау орталығы ашылды, оның мақсаты экологиялық таза ауыл шаруашылығын ілгерілету болып табылады.

Бұдан басқа, зертханалық зерттеулерге, астық саласын цифрландыруға және экспорт стандарттарына мамандандырылған астық сапасын айқындау жөніндегі Қазақстан-Қытай инновациялық орталығы ашылды.

Кеңес барысында жылқы шаруашылығын дамыту бойынша ҰАҒБО жұмысының жаңа бағыты да атап өтілді. 2024 жылдың соңында Ақтөбе облысында жылқы шаруашылығы институты құрылды, оның алдында 2030 жылға қарай отандық асыл тұқымды жылқылардың үлесін жалпы мал басының 10%-на дейін жеткізу міндеті тұр (4,2 млн-нан 420 мың бас). Бүгінгі таңда бұл үлес тек 1% құрайды (шамамен 40 мың бас). Ол үшін жылқы шаруашылығын дамытудың 2035 жылға дейінгі Тұжырымдамасы әзірленді. Бағдарламалық құжат жылқы өсіру және генетика саласында ғылыми зерттеулер жүргізуді, жылқыларға арналған мамандандырылған орталықтар мен мектептер құруды, ветеринарлық инфрақұрылымды дамытуды және басқа да қажетті шараларды қамтиды. Институт аккредитацияны, оригинатор және элиталық тұқым шаруашылығы мәртебесін алды.

Жаңа селекциялық әзірлемелерді іске қосу, мамандар даярлау жүйесін құру, ат қоралар мен ипподром салу жоспарлануда.

Отырыс қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин инфрақұрылымды, кадрлық әлеуетті және халықаралық өзара іс-қимылды қоса алғанда, Жылқы шаруашылығы институтын дамытудың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеуді тапсырды.