10:17 Қазақстан

Қазақстанда су тәуекелдерін басқару бойынша өңірлік штабтар құрылады

Премьер-министр Олжас Бектенов вегетациялық кезеңге мүдделі мемлекеттік органдар мен фермерлік бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен су тәуекелдерін басқару жөніндегі өңірлік штабтар құруды тапсырды, деп үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

«Тиімділікке, үнемділікке және ведомствоаралық өзара іс-қимылға баса назар аудара отырып, су тәуекелдерін алдын ала басқаруға көшу қажет. Облыс әкімдері сумен жабдықтаушы ұйымдардың фермерлермен оларды суармалы сумен қамтамасыз ету, суару технологияларын сақтау, суару кезектілігі және коллекторлық-дренаждық суларды қайта пайдалану жөніндегі іс-қимылдарын үйлестіруді қамтамасыз етуге тиіс. Су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жұмысты күшейту қажет», - деп атап өтті Олжас Бектенов үкіметтегі кеңесте.

Ол суды заңсыз пайдалануды бақылауды күшейту қажеттігін атап өтіп, бұзушылықтарды анықтау бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды.

Су ресурстары министрлігінің деректері бойынша "Қазсушар" РМК филиалдары фермерлерге су беруді ұйымдастырды. Бүгінгі күні 22,5 мың шарт жасалды, бұл өткен жылдың сәйкес көрсеткішінен 3 мыңға артық.

Үкімет суды үнемдеуді ынталандыру мақсатында суармалы суға арналған субсидиялардың сараланған мөлшері енгізілгенін еске салды: су үнемдеу технологияларын пайдаланатын фермерлер үшін субсидиялардың мөлшері мұндай технологияларды қолданбайтындарға қарағанда жоғары. Сонымен қатар, суды заңсыз пайдалануға қарсы күрес және су ұрлау фактілерінің алдын алу шаралары қабылдануда.

Премьер-министр аграрийдердің қажеттіліктерін су ресурстарымен қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығының қажеттіліктерін қанағаттандыру аса назар аударуды талап ететінін атап өтті.

Су ресурстары министрлігінің алдына трансшекаралық өзендер бойынша көрші елдермен ынтымақтастықты нығайту, су беру лимиттерін бақылауды күшейту және жедел ден қою, құрылыстарды жөндеу бойынша міндеттер қойылды.

Сондай-ақ, үкімет басшысы спутниктік деректерді пайдалана отырып, суды пайдаланудың цифрлық мониторингін енгізуді және интерактивті карталарда тапшы аймақтарды көрсетуді тапсырды.

«Вегетациялық кезеңнің өтуі үнемі бақылауда. Үйлестіру премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жүктелді», - деп атап өтті үкіметте.