Кеше Қазақстан

Ақмола облысында құны 62,5 млн доллар болатын сүт кешені салынуда

Biolife Proprevit сүт өнімдері мен алкогольсіз сусындарды өндіру кешені Ақмола облысының «Қоянды» жеке индустриялық аймағында салына бастады. Бір күн бұрын осы зәкірлік жобаның капсуласын салу рәсімі өтті. Бұл туралы KAZAKH INVEST ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

Кешен ауданы 12,6 га жер учаскесінде орналасады. Кәсіпорын пребиотиктермен, пектиндермен және дәрумендермен байытылған сүт және ашытылған сүт сусындарын, шырындарды, жеміс пюресі, сорпалар мен балалар тағамдарын шығарады.

Кәсіпорында 100-ге жуық жұмыс орны құрылады.

Жобаның бастамашысы және инвесторы әлемнің 38 елінде жобаларды іске асыратын EXIM FINANCE (БАӘ) халықаралық инвестициялық компаниясы болды. Инвестиция көлемі 62,5 млн долларды құрайды, жоба ҚР индустрияландырудың бірыңғай картасына енгізілген.

«Жоба қазақстандықтардың денсаулығын жақсартуға бағытталған және қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі басымдықтарға сәйкес келеді. Біз EXIM FINANCE компаниясының «Қоянды» жеке индустриялық аймағын дамытуға қатысуын құптаймыз және жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», — деді KAZAKH INVEST басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек.

Зауыттың өнімі ішкі нарықта да, ЕАЭО, Еуропа, Таяу Шығыс, Қытай, Түркия және Африка елдеріне экспортталатын болады деп жоспарлануда.

Іс-шара аясында EXIM FINANCE және KAZAKH INVEST 2025-2040 жылдарға арналған жобаны іске асыру жөніндегі Жол картасына қол қойды. Сондай-ақ, Ақмола облысы Целиноград ауданының әкімдігімен және С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.