12:27 Қазақстан

Қазақстанда күріштің жаңа сұрыпы шығарылды

«Сыр Сұлуы» күріш сұрыпын И. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары шығарды. Жаңа сұрыптың пісуіне аз уақыт кетеді және осылайша суды аз пайдаланады. Оны өсіру бойынша сынақтар Қызылорда облысында жүргізіледі. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Сынақ нәтижелері күріштің жаңа сұрыпы 105-110 күнде пісетінін, жоғары өнімділікке ие екенін және жергілікті климат пен топыраққа толық бейімделгенін көрсетеді. Барлық агротехникалық шараларды дұрыс сақтай отырып, сүрып гектарына 80-85 центнерден өнім бере алады. Қазіргі уақытта Қызылорда облысында күріштің ресейлік сұрыптары өсіріледі, олар 120-125 күнде піседі», - деп баспасөз қызметі нақтылады.

Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ басқарма төрағасының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Жанұзақ Байманов атап өткендей, Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі су шаруашылығы жағдайы суды үнемдеудің жаңа тәсілдерін іздеу және әзірлеу қажеттігін алға тартады.

«Климаттың жаһандық өзгеруін ескере отырып, дақылдардың мұндай сұрыптары суды көп қажет ететін сұрыптарға сенімді балама бола алады. Бұл ғылыми жұмыстың нәтижесі ауыл шаруашылығының дамуына және күріш алқаптарының суды тұтынуының азаюына оң әсер етеді», - деді ол.

Сонымен қатар, ғылыми-зерттеу институты Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп, топырақтағы ылғалды сақтауға арналған венгриялық Water Retainer препаратын сынауды жалғастыруда. Ағымдағы жылы Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола облыстары мен Жетісу облыстарының суармалы жерлерінде препаратты іс жүзінде қолдану бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Төрт ғылыми-зерттеу институты қатысқан сынақтардың бірінші кезеңі препарат күріштің вегетациялық кезеңін қысқартуға және осыған байланысты суды айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік беретінін көрсетті. Дәстүрлі түрде күріш 90 күн бойы суарылады, ал ылғалды ұстап тұру үшін препаратты қолданған кезде 51 күн бойы суару жеткілікті», – деді Су ресурстары министрлігінің ғылыми және инновациялық технологиялар департаментінің директоры Ләззат Жүсіпова.