14:39 Қазақстан

Бәйтерек құны 9,5 млрд теңге болатын жемістерді өңдеу жобасын қолдады

«Бәйтерек» холдингі көлемі 7 млрд теңгеден асатын ауқымды инвестициялық бастамаларды қолдаудың жаңа тетігін — Кепілдік қорын 2 (КҚ-2) іске қосты. Тетік шеңберінде бірінші болып «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Qazaq Global Food JV» ЖШС және Қазақстанның Даму банкі арасында кепілдік беру туралы үшжақты шартқа қол қойылды. Бұл ретте Даму» қоры алғаш рет ҚДБ беретін несие бойынша кепілгер болды, деп Бәйтеректің баспасөз қызметі хабарлады.

Qazaq Global Food JV компаниясы түрік Göknur Gıda компаниясымен бірлесіп Алматы облысында алма шырыны концентраты мен жеміс-көкөніс пюресі өндірісін құруда. Жобаның жалпы құны 9,5 млрд теңгені құрайды, оның 7,1 млрд теңгесін ҚДБ қаржыландырады, ал «Даму» қорының кепілдігі 2,8 млрд теңгені (қаржыландыру сомасының 39,4%) құрады.

«Біздің зауыт Қазақстандағы осындай көлемдегі алғашқы өндіріс болады. Толық қуатқа жеткенде біз импортталатын шырын концентраттарының 80%-на дейін жабуды және өнімнің 100% экспортын қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Құрылыс басталып кетті, біз келесі жылы алғашқы өнімдерді шығаруды жоспарлап отырмыз. Қазақстанның Даму банкі мен «Даму» қорына қолдауы мен сенімі үшін алғыс айтамыз», – деді Qazaq Global Food JV директоры Самат Балабеков шартқа қол қою кезінде.

Холдингтің ақпараты бойынша, кепілдік қорларын «Даму» қоры негізінде «Бәйтерек» ағымдағы жылдың сәуір айында мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша экономиканың нақты секторын 8 трлн теңгеге қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бастама шеңберінде әзірлеп, іске қосты.

Бүгінгі таңда ШОБ субъектілерін дамыту үшін құрылған ҚҚ-1 (7 млрд теңгеге дейін) табысты жұмыс істеуде, ал ҚҚ-2 шеңберінде бірінші шартқа қол қою ірі бизнестің қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейтудегі және экономиканың стратегиялық салаларына инвестицияларды тартудағы маңызды қадам болды, деп атап өтті холдингте.

Бүгінгі таңда «Даму» қорында 52,3 млрд теңге сомасына ҚҚ-2 аясында тағы екі жоба қаралуда. Ал екінші деңгейдегі банктер мен «Бәйтерек» холдингінің еншілес құрылымдарын қоса алғанда, несие беруші ұйымдарда жалпы сомасы 5,6 трлн теңгеден асатын 40-тан астам өтінім пысықталуда.