ҚТЖ-Жүк тасымалына 1,4 млрд теңгеге айыппұл салынды
Астана бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті Қазақстанның ұлттық экспедиторлары қауымдастығының, Қырғызстан экспедиторлары қауымдастығының, сондай-ақ бірқатар көлік-экспедиторлық компаниялардың өтінішінен кейін «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС қатысты тергеу жүргізді. Бұл туралы БҚДА баспасөз қызметі хабарлады.
Тергеу барысында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС тасымалдау жоспарларын келісу кезінде үлестес компанияларға – «KTZ Express» АҚ және «КедентрансСервис» АҚ артықшылықтар беріп, сол арқылы жеке экспедиторлық ұйымдардың қызметіне кедергі келтіретіні анықталды. Аталған әрекеттер «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС тарапынан монополиялық ережені теріс пайдалану ретінде сараланған.
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер жөніндегі Мамандандырылған ауданаралық сотының 22 тамыздағы шешімімен «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мемлекеттік бюджет кірісіне 1,42 млрд теңге айыппұл салынды.
Айта кетейік, Астана сотының 15 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Бұл ақпаратқа қатысты ҚТЖ түсініктеме берді.
«Бірінші сатыдағы сотта «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-нің Астана бойынша БҚДАД тергеу қорытындыларын заңсыз деп тану туралы талабын қарау жалғасуда. Тергеудің заңдылығы туралы мәселе ашық күйінде қалып отыр және іс бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС өзінің құқықтық ұстанымын одан әрі дәйекті түрде қорғауға және әділ шешімге қол жеткізуге ниетті», - деп компанияда хабарлады.