Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлерге 7,5 млн гектар жер бөлу жоспарын жіберді
Қазақстанда 2022 жылдан бастап 13,7 млн га пайдаланылмаған немесе бұзушылықпен берілген ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде 6,2 млн га жер учаскелерін игеруге және оларды ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге кіріскен жаңа жер пайдаланушыларға қайта бөлінді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қалған 7,5 млн га жергілікті қоғамдастықтардың, фермерлер мен инвесторлардың қажеттіліктерін ескере отырып, одан әрі бөлуге дайындық сатысында», - деп ведомствода нақтылады.
2025 жылдың басынан бері Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелері 2,1 млн га алаңда 1497 жоспардан тыс тексерулер жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша бұзушылықтарды жою туралы 1112 ұйғарым берілді (1,6 млн га алаңда), 357,9 мың га игеру басталды. Соттарда 44,9 мың га мәжбүрлеп қайтару қаралуда. 2025 жылы қайтаруға жоспарланған 2 млн гектардың 1,67 млн гектары қайтарылды.
«2026 жылдың ортасына дейін барлық қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлері өндіріске тартылуы, инвестициялық айналымға тартылуы және жұмыс орындарын құру үшін пайдаланылуы тиіс. Бұл сонымен қатар жергілікті халықтың қажеттіліктері үшін жайылым тапшылығын азайтуға көмектеседі. Бұл тапсырманы іске асыру үшін Министрлік ауыл тұрғындарының жайылымдық жерлерге деген қажеттілігін қамтамасыз ету басымдығымен жерлерді қайта бөлу жоспарын әзірлеп, өңірлерге жолдады», - деп атап өтті АШМ.
Ведомствода ауыл шаруашылығы жерлерін берудің электрондық форматына толық көшу жоспарланып отырғанын, ол үшін Жер кодексіне өзгерістер енгізу бастамаланғанын хабарлады.
Негізгі өзгерістердің қатарында: жер комиссиясын жеңімпазды анықтау үдерісінен шығару, адами факторды жою, қатысушыларға ұпайларды автоматты түрде есептей отырып, ашық конкурстық тетік, сондай-ақ байқауларды өткізу мерзімдерін екі есеге қысқарту.
Бұдан басқа, «Мемлекеттік жер кадастрының деректерін қалыптастыру» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы жерлерінің бірыңғай ашық цифрлық картасын құру бойынша жұмыс жүргізілуде.
Бүгінгі таңда 197,937 млн га аумақтағы учаскелер цифрландырылды. Жобаның аяқталуы 2025 жылдың соңына дейін күтілуде.
«Нәтижесінде жер пайдаланушылар жер учаскелері - олардың мәртебесі, иелері, нысаналы мақсаты және пайдалану тарихы туралы толық ақпаратқа еркін онлайн - қол жеткізе алады», - деп АШМ хабарлады.