Қостанай облысында инвестиция көлемі 230 млн доллар болатын агрокешен салынады
Инвестиция көлемі шамамен 230 млн доллар болатын агроөнеркәсіптік кешен Қостанай облысындағы шетелдік компаниялардың қатысуымен салынатын болады. Бұл туралы KAZAKH INVEST баспасөз қызметі хабарлады.
Жобаға қатысуды XiYu Agricultural Pte. Ltd. (Сингапур) және SINOMACH корпорациясының құрамына кіретін SUMEC International (ҚХР) компаниялары талқылайды.
Дайындық кезеңі аясында XiYu Agricultural компаниясы сыйымдылығы 90 мың тонна элеватор кешенін және ауданы 20 гектардан астам жер учаскесін сатып алуды жүзеге асырады.
Кешен лимон қышқылын (жылына 125 мың тонна), тазартылмаған күнбағыс майын (жылына 200 мың тонна шикізат), жемдік ұнды (360 мың тонна) және күкірт қышқылын (100 мың тонна) өндіру желілерін қамтитын болады. Жоба Таяу Шығыс, Еуропа елдеріне, Түркия мен Қытайға қосылған құны жоғары дайын өнімді экспорттауға бағытталған.
Алдын ала есептеулерге сәйкес, жобаны іске асыру 500-ге жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді және жыл сайын шамамен 8 млрд теңге көлемінде салық түсімдерін қамтамасыз етеді, бұл өңір үшін елеулі әлеуметтік-экономикалық әсер етеді.
KAZAKH INVEST компаниясындағы кездесуде XiYu Agricultural Pte. Ltd. бас директоры Гэ Кайхуа компания Қазақстанды агроөнеркәсіп саласындағы стратегиялық әріптес ретінде қарастыратынын атап өтті.
«Біз Қазақстанның өңделген аграрлық өнім үшін экспорттық хаб ретіндегі орасан зор әлеуетін көріп отырмыз. Қостанай облысындағы жоба біздің елде ұзақ мерзімді болуымыздың жаңа кезеңі болады және біз Қазақстанның өнеркәсіптік және экспорттық қорын дамытуға үлес қосқымыз келеді», - деді ол.
Жобалау және техникалық құжаттаманы COFCO Engineering & Technology Co. Ltd. (ҚХР) компаниясы әзірлеген. Жабдықтар мен технологиялық шешімдер бойынша серіктес - SUMEC Group Corporation, SINOMACH-тің жетекші еншілес ұйымы, Қытайдың жылдық экспорты 12 млрд доллардан асатын және әлемнің 160 еліндегі өкілдіктері бар ірі өнеркәсіптік корпорациялардың қатарына кіреді.
KAZAKH INVEST ҰК мемлекеттік органдармен және даму институттарымен үйлестіруді қамтамасыз ете отырып, іске асырудың барлық кезеңдерінде жобаларды қолдауды қамтамасыз етеді.