16:35 Қазақстан

Қонаевта Қазақстандағы ең ірі қант зауыты салынады

Алматы облысында, Қонаев қаласында құны 313,6 млрд теңге болатын қант зауыты салынады. Жобаны QazaqArab Sugar ЖШС жүзеге асыруда. Өңірдің фермерлері болашақ зауыт үшін 100 мың гектарға жуық алқапта қызылша өсіруге кірісуге дайын екендіктерін растады, деп ҚР үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жобалық қуаттылығы — жылына 500 мың тонна дайын өнім. Жалпы құны — 313,6 млрд теңге. Жобаны іске асыру мерзімі – 2025-2028 жылдар. 450 тұрақты жұмыс орны құрылады.

Жобаны вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Al Khaleej Sugar президенті Аль Гурэйр Джамаль талқылады.

Қонаевта зауытты орналастыру үшін ауданы 1000 га жер телімі бөлінді, ол Alatau АЭА құрамына енгізілді. Қазіргі уақытта қажетті инфрақұрылым – газбен жабдықтау және электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар шикізат қорын қамтамасыз ету мәселелері пысықталуда. Қант қызылшасын өсіру үшін 65 мың гектар жер телімі анықталды – жобаның бірінші кезеңі аясында, одан әрі кеңейту мүмкіндігімен. Оны бекіту және жерді суаруға дайындау бойынша қажетті рәсімдер жүргізіледі. Су инфрақұрылымын құру үшін халықаралық қаржыландыруды тарту жоспарлануда.

Жобаны талқылау барысында әртүрлі мемлекеттік құрылымдарға қатысты мәселелерді үйлестіру және жедел шешу үшін жұмыс тобын құру ұсынылды. Al Khaleej Sugar президенті сонымен қатар жұмыстың басталуын тездететін EPC келісімшартын жасасуға дайын екенін білдірді.