09:15 Қазақстан

«Ауыл аманаты» бойынша несиелерді рәсімдеу онлайн іске қосылды

Қазақстанда Amanatnesie.kz электронды платформа іске қосылды, ол арқылы ауыл тұрғындары «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеңілдікті микрокредиттер алуға өтінім бере алады.

Қарағанды облысының Ауыл шаруашылығы басқармасында айтылғандай, Amanatnesie.kz платформасы арқылы несиелеу шарттарымен танысуға, онлайн өтінім беруге, қажетті құжаттарды тіркеуге, содан кейін өтінімді қарау мәртебесін бақылауға болады.

Платформа әкімшілерінің ақпараты бойынша өтінішті онлайн режимінде 10 минут ішінде рәсімдеуге болады, ал өтінім 15 күн ішінде қаралады.

Естеріңізге сала кетейік, «Ауыл аманаты» бағдарламасының мақсаты - ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Бағдарлама шеңберінде ауылдарда бизнесті бастау мен дамытуға мал шаруашылығы саласында 7 жылға дейінгі және басқа жобалар үшін - 5 жылға дейінгі мерзімге жылдық 2,5%-бен қаржыландыру ұсынылады. Жеке тұлғалар үшін қарыздың ең жоғары сомасы 2,5 мың АЕК, ал ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін — 8 мың АЕК құрайды.

ҚР үкіметінің мәліметінше, 2025 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға 50 млрд теңге бөлінген, 2026-2028 жылдарға шамамен 450 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Осы қаражат есебінен 25 мыңнан астам жобаны қаржыландыру және кемінде 30 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда.