«ҚТЖ-Жүк тасымалы» компаниясына 1,42 млрд теңге айыппұл салынды
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) тексеру қорытындысы бойынша «ҚТЖ-Жүк тасымалы» компаниясына монополиялық ережені теріс пайдаланғаны үшін 1,42 млрд теңге сомасына айыппұл салынды. Бұл туралы БҚДА баспасөз қызметі хабарлады.
Компанияға қатысты тексеру ҚР Ұлттық экспедиторлар қауымдастығының, Қырғыз Республикасының экспедиторлар қауымдастығының, сондай-ақ бірқатар көлік-экспедиторлық компаниялардың өтінішінен кейін жүргізілді.
«Тергеу барысында тасымалдау жоспарларын келісу кезінде үлестес компанияларға — «KTZ Express» АҚ және «КедентрансСервис» АҚ-ға артықшылықтар беру анықталды. Бұл жеке экспедиторларға кедергі келтірді және монополиялық ережені теріс пайдалану ретінде жіктелді», - деп хабарлады агенттікте.
Сот шешімімен «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылды, айыппұл сомасы мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберілді. Қазіргі уақытта айыппұл толығымен төленді.