14:56 Қазақстан

Ветеринария комитетінде төрағаның жаңа орынбасары тағайындалды

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары болып Марат Ибраев тағайындалды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлады.

Комитет ұжымына ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин жаңа төрағаның орынбасарын ұсынды. Ол мал шаруашылығы саласының алдында ірі және ұсақ мал басын көбейту, экспорттық әлеуетті арттыру және кепілдендірілген ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеті тұрғанын атап өтті. Ветеринариялық инфрақұрылымды нығайтпай, алдын алу шараларын жетілдірмей және жануарлар мен мал өнімдерінің қозғалысын бақылаудың тиімділігін арттырмай, бұл мақсаттарға сәтті қол жеткізу мүмкін емес.

Марат Ибраев 1974 жылы Ресейдің Омбы облысында дүниеге келген. 1996 жылы Омбы мемлекеттік аграрлық университетін «ветеринарлық дәрігер» мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолын 1998 жылы Солтүстік Қазақстан облысында мал дәрігері қызметінен бастаған. Мемлекеттік қызметте аудандық деңгейдегі маманнан облыстық инспекция басшысына дейінгі жол өтті.

2012-2019 жылдары Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Солтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары қызметін атқарды.

2019-2025 жылдары өңірдегі ветеринариялық қадағалауды нығайтуға, аурулардың алдын алуға және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен өзара іс-қимыл деңгейін арттыруға ерекше назар аудара отырып, аталған аумақтық инспекцияны басқарды.