Магистральдық желі қызметтеріне ҚТЖ тарифтері екі жылға бекітілді
Табиғи монополияларды реттеу комитеті 2026 - 2030 жылдарға арналған магистральдық теміржол желісінің (МТЖ) қызметтеріне ҚТЖ үшін тарифтерді бекітті. Алдағы екі жылда тарифтер 2025 жылдың ағымдағы деңгейінде сақталды.
Бұдан әрі МТЖ қызметтерінің құнын кезең-кезеңімен арттыру келісілді. 2028 жылы 5%, 2029 жылы жүк санатына байланысты тағы 4%-дан 5%-ға дейін, 2030 жылы - 4%-ға артады. 2030 жылы тарифтің жалпы өсуі 2025 жылға қарай 14%-ды құрайды.
Сонымен қатар, өсім әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тасымалдауға әсер етпейді: қолданыстағы тариф алдағы бес жылдық кезеңге сақталады.
Бұған дейін ҚТЖ Табиғи монополияларды реттеу комитетіне тиісті өтінім жолдай отырып, 1 қаңтардан бастап МТЖ қызметтеріне тарифті көтеру жоспарлары туралы мәлімдеген болатын. Тарифтің өзгеруінің негізгі себебі Мойынты-Қызылжар, Бақты-Аягөз, Алтынкөл-Жетіген, Бейнеу-Маңғыстау учаскелерін салу мен жаңғыртуды, жалпы ұзындығы 2 мың шақырымнан асатын желілерде автоматты және жартылай автоматты бұғаттау жүйелерін орнатуды, сондай-ақ жол шаруашылығына күрделі жөндеу жүргізуді қамтитын теміржол инфрақұрылымын дамытудың инвестициялық бағдарламасын іске асыру қажеттілігі деп аталды.
Ұлттық компанияның мәлімдеуінше, қолданыстағы тарифтер деңгейі магистральдық желіні ұстауға және жаңартуға нақты шығындарды жабуды қамтамасыз етпейді.