13:32 Қазақстан

Қазақстан ішкі және сыртқы нарықтарда өндірушілерді қолдауды күшейтеді

Премьер-министр Олжас Бектенов екі апта мерзімде қазақстандық өнімді ішкі және сыртқы нарықтарда ілгерілету жөнінде жүйелі шаралар әзірлеуді тапсырды. ЕАЭО шеңберінде отандық өндірушілерді қорғауға және саудадағы жосықсыз бәсекелестіктің жолын кесуге ерекше назар аударылатын болады.

«ЕАЭО-да сауда саласындағы жосықсыз бәсекелестік фактілері бойынша келіп түскен өтініштерді ескере отырып, үкіметке өзара мүдделердің әділ теңгерімін сақтай отырып, отандық тауар өндірушілерді қорғауды күшейту тапсырылды», - деді Олжас Бектенов үкімет отырысында.

Премьер Сауда және интеграция министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, екі апта мерзімде отандық өнімді ішкі және сыртқы нарықтарда ілгерілету бойынша жүйелі тәсілдерді әзірлеуді тапсырды.

Еске сала кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында ЕАЭО шеңберінде қазақстандық тамақ өнеркәсібін қорғауды күшейту қажеттігін мәлімдеді. Оның айтуынша, еліміздегі ауыл шаруашылығын қайта өңдеу саласы одаққа қатысушы мемлекеттердің субсидияланатын өнімдері тарапынан қысымға ұшырауда.