Алматыда желатин өндіретін зауыттың құрылысы басталды
Түркияның Iskefe Holding - Halavet KZ инвестициялық - өнеркәсіптік тобының еншілес компаниясы Алматыда тағамдық желатин мен коллаген шығаратын өндірістік кешен салуға кірісті. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Инвестицияның жалпы көлемі 60 млн долларды құрайды. Жаңа зауытта заманауи технологияларды қолдана отырып, сондай-ақ халықаралық сапа және экологиялық қауіпсіздік стандарттарына қатаң сәйкес тамақ, фармацевтика және косметика салаларына арналған өнімдер өндірісі жолға қойылады.
Өндірістік қуаттар Қазақстанның ішкі нарығын қамтамасыз етуге де, экспортқа да бағдарланған.
«Инвестициялық жоба мал шикізатын өңдеу саласындағы құрылымдық тапшылықты жоюға, ел ішінде қосылған құнды құруға, сондай-ақ тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға бағытталған», - деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрлігінде.