Ирандық инвестор Қазақстанда ірімшік зауытының құрылысына 35 млрд теңге салады
Ирандық азық-түлік холдингі Solico Group Алматы облысында ірі ірімшік зауытының құрылысына 35,2 млрд теңге инвестициялайды. Тиісті келісімге Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен компанияның президенті Голам Али Сулеймани қол қойды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жаңа кәсіпорынның қуаттылығы жылына 155 мың тонна ірімшік өнімін құрайды. Қазіргі уақытта алаңда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Құрылысты аяқтау және зауытты пайдалануға беру 2029 жылы жоспарланып отыр.
Айдарбек Сапаровтың айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі болып табылады.
«Бұл жобаны іске асыру елдің өңдеу қуатын едәуір ұлғайтуға және отандық сүт өндірушілер үшін кепілді өткізу нарығын құруға мүмкіндік береді. Қазақстанның үкіметі экономиканың басым секторларында жобаларды іске асыратын инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын», - деп атап өтті министр.
Solico Group президенті Голам Али Сулейман компания Қазақстанды ұзақ мерзімді стратегиялық серіктес ретінде қарастыратынын және жаңа жобаларды, соның ішінде картопты өңдеу және балалар тағамын өндіру саласындағы жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін зерттеп жатқанын айтты.
Келісім шеңберінде инвестор кемінде 400 тұрақты жұмыс орнын құруға, қазақстандық мамандарды даярлауды және заманауи өндірістік технологияларды беруді қамтамасыз етуге міндеттенеді. Бұдан басқа, 2028-2038 жылдар аралығында компания жыл сайын әлеуметтік жобаларға және Алматы облысының жергілікті қоғамдастықтарын қолдауға шамамен 50 млн теңге бөлуді жоспарлап отыр.
Кәсіпорынды іске қосу Қазақстанның сүт өңдеу саласындағы ірі жобалардың біріне айналады және шикізат қорын дамытуға, отандық сүтке сұраныстың өсуіне және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді деп күтілуде.