Ақмола облысында 1,4 мың ірі қара мал басына сүт фермасы іске қосылады
Ақмола облысының Бурабай ауданында 1440 бас ірі қара малға арналған «Burabay Milk» ЖШС тауарлы-сүт фермасы салынуда. Нысан 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұл туралы өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Сонымен қатар, Щучинск қаласында сүтті терең өңдеу зауытының құрылысы басталды, ол да биыл жұмыс істей бастайды. Қазір «Burabay Milk» ЖШС кәсіпорын үшін жабдықтар сатып алуда.
«Нысан халық үшін 130 жұмыс орнын және жыл сайын 800 млн теңгеден астам салық береді», – деп атап өтті Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов нысандарды аралау барысында.
Әкімдіктің мәліметінше, 2026 жылы екі ірі ферма іске қосылады деп күтілуде: Бурабай ауданында Burabay Milk және Атбасар ауданында «Бастау». Бұл жылына қосымша 15-18 мың тонна өнімді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, 2026 жылы бес инвестициялық жоба іске асырылып, оған 9 млрд теңге бөлінеді.