Қазақстанда агрономдардың жұмысын әскердегі қызметтің баламасы ретінде қарастыру ұсынылды
Ауыл шаруашылығындағы кадр тапшылығы өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Қостанай облысының Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қауымдастығында мамандарды ауылдарда жұмыс істеуге тарту үшін жаңа жеңілдіктер енгізу ұсынылады. Осы және АӨК-ті қолдау жөніндегі қауымдастықтың басқа да ұсыныстары «Атамекен» ҰКП-ға, депутаттарға және Ауыл шаруашылығы министрлігіне жіберілетін болады.
«Мамандардың тапшылығына қарсы күрес шарасы ретінде ауылдағы механизаторлар мен агрономдардың екі жылдық жұмысын әскери қызметке балама ретінде санау ұсынылды», - деп Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қауымдастығында хабарлады.
Сонымен қатар, аграршылар ауылда тұрғын үй құрылысын субсидиялау қағидаларына қайта оралуды сұрайды. Субсидиялардың мөлшерін бір шаршы метрге ұлғайту, сондай-ақ жобалық-сметалық құжаттаманы ұсыну жөніндегі талапты эскиздік жобаны ұсынуға ауыстыру ұсынылады.
Сондай-ақ бейінді бірлестікте фермерлерге бөлінетін жеңілдікті дизель отынының нормативін гектарына 50 литрге дейін арттыру сұралады. Фермерлер дизель отынының шығындары жоғары маржиналды дақылдарды өсіру кезінде жаңа агротехникалық әдістерді қолдануға байланысты өскенін түсіндіреді. Дақылдарды әртараптандыру кезінде олардың кейбіреулерін жинау күздің соңына келеді, ал мұндай жұмыстар кезінде жазғы дизель отыны қатып қалады. Сондықтан қысқы дизель отынын солтүстік өңірлер үшін қазан - қараша айларына арналған жеңілдікті ЖЖМ бағдарламасына қосу ұсынылды.