15:40 Қазақстан

Сейфуллин атындағы Агротехникалық университетінде агротехнопарк құрылды

Қазақстандағы алғашқы мамандандырылған агротехнопарк С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің жанынан құрылды. Жаңа алаң бизнес-инкубация, инновациялық компанияларды қолдау және АӨК саласындағы жоғары технологиялық жобаларды дамыту үшін заманауи ортаны құрады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Орталық агротехнологияларды сынақтан өткізуге және көрсетуге, жобаларды ҒЗТКЖ кезеңінен нарыққа дейін сүйемелдеуге, бизнес үшін технологиялық тәуекелдерді азайтуға және инновацияларды лабораториядан өндіріске тезірек жеткізуге арналған. Тағы бір маңызды бағыт — халықаралық ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты дамыту.

Агротехнопарктің жалпы ауданы мың шаршы метрді құрайды. Оның құрылымында тәжірибелік және пилоттық жұмыстарға арналған металл өңдеу цехы бар өндірістік-инжинирингтік блок, резиденттерге арналған кеңсе кеңістігі, сондай-ақ толық циклді зертханалық кешен қарастырылған. Оған сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдарын молекулярлық-генетикалық зерттеудің Қазақстан-Австралия инновациялық орталығы, агробиотехнология және микробиология, физика-химиялық талдау, сынама дайындау және талдамалық зерттеулер зертханалары кіреді.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров орталықтың инфрақұрылымымен танысып, агротехнопаркті іске қосу аграрлық ғылымды жаңғыртудағы және ғылыми әзірлемелерді тиімді нарыққа шығару жүйесін құрудағы маңызды қадам екенін атап өтті.

«Бүгінгі таңда ғылыми шешімдердің лаборатория қабырғасында қалмай, ауыл шаруашылығы өндірушісіне жетуі және нақты экономикалық нәтиже беруі өте маңызды. Агротехнопарк ғалымдар мен агробизнес өкілдерін байланыстыратын көпір болуға тиіс», — деді министр.

Университет ректоры Қанат Тіреуов өз сөзінде агротехнопарк АӨК саласында технологиялық кәсіпкерліктің жаңа мәдениетін қалыптастыру, жаңа буын мамандарын дайындау және ғылыми зерттеулерге инвестиция тарту үшін жағдай жасайтынын атап өтті.

«Орталық жас ғалымдар, стартап-командалар және бәсекеге қабілетті отандық технологияларды жасау мен енгізуге қызығушылық танытқан индустриалды серіктестер үшін ынтымақтастың алаңына айналады», — деді ректор.

Агротехнопарктің қызметі ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сұрыптары мен будандарын, заманауи биопрепараттар мен инженерлік шешімдерді нарыққа жылдам шығару, агроөндірістің өнімділігі мен тұрақтылығын арттыру, сондай-ақ отандық АӨК экспорттық әлеуетін нығайту үшін маңызды рөл атқармақ.