15:10 Қазақстан

Қазақстан жасымық өндірісін кеңейтуде

Қазақстан жоғары сұранысқа ие экспорттық дақылдардың біріне айналатын жасымық өндірісін ұлғайтуда. Осыған байланысты Азық-түлік корпорациясы солтүстік облыстардың фермерлері үшін оны өсіруді форвардтық қаржыландыруға өтінімдер қабылдауды бастады. Бұл туралы корпорацияның баспасөз қызметі хабарлады.

Азық-түлік корпорациясы қызыл жасымық өндірісін ұзақ мерзімді форвардтық қаржыландыруға өтінімдерді БҰҰДБ-мен бірлесіп пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде 2025 жылдан бастап қабылдай бастады.

Жоба Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарының ауыл шаруашылығы өндірушілеріне бағытталған. Қазіргі уақытта агроқұрылымдардан өтінімдерді іріктеу жүргізілуде. Іріктеу кезінде шаруашылықтардың ауыспалы егісті сақтауға дайындығы, қажетті ауыл шаруашылығы техникасының және штаттық агрономның болуы ескеріледі, өйткені бағдарламаға қатысу экологиялық агротехнологияларды міндетті түрде енгізуді және ғалымдардың ұсынымдарын сақтауды көздейді.

Қаржылық қолдауға қызыл жасымықтың әр тоннасына 90 мың теңге мөлшерінде егіс жұмыстарына алдын ала төлемдер кіреді.

БҰҰДБ сарапшыларының бағалауы бойынша, еліміздің солтүстік өңірлерінде дара дақылды егіске (бидайға) жоғары тәуелділік сақталуда, оның үлесі егіс алқаптарының 75-87%-на жетеді. Бұл ретте, әсіресе Солтүстік Қазақстан облысында дәнді-бұршақты дақылдарды өсіру әлеуеті елеулі болып қала береді.

Азық-түлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Самат Теньбаев атап өткендей, соңғы бес жылда дәнді-бұршақты дақылдардың егіс алқабы төрт еседен астам ұлғайып, 781 мың гектарға жетті.

2025 жылы қазақстандық аграршылар дәнді-бұршақты дақылдардың рекордтық өнімін жинады - 1 млн тоннаға жуық, бұл ретте жасымық жалпы өнім көлемінің шамамен 78%-ын құрайды.

Жалпы бұршақ дақылдарын жинаудың өсуі экспорт мүмкіндіктерін кеңейтті. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, кептірілген бұршақ дақылдарын шетелге жеткізу 570 мың тоннадан асты, бұл өткен жылмен салыстырғанда бір жарым есе өсті.

Бидаймен салыстырғанда жоғары сыртқы сұраныс және тартымды баға жасымықты фермерлер үшін ең келешекті дақылдардың біріне айналдырады.

Ұзақ мерзімді форвардтық қаржыландыру арқылы фермерлер кепілдендірілген өткізу нарығын және айналым қаражаттарына қол жеткізуді алады. Сонымен қатар, БҰҰДБ жобасы аясында шаруа қожалықтары қазақстандық және халықаралық сарапшылардың қолдауымен қажетті агротехникалық талаптарды сақтай отырып, топырақ құнарлылығын қалпына келтіру бойынша жұмыс істейтін болады.