09:15 Қазақстан

Алматы облысында 1,5 мың га пайдаланылмайтын жер ауыл шаруашылығы айналымына енгізіледі

Алматы облысы Жамбыл ауданының фермерлері суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуда. Бұрын жайылым ретінде пайдаланылған құрғақ жерлерде фермерлер ұңғымаларды бұрғылайды, суды үнемдейтін технологияларды енгізеді және егіс жүргізеді. Бұл туралы облыс әкімдігінде хабарлады.

Жамбыл ауданында 22 мың гектар егістік жерлер бар, осы алаңның жартысына жуығы тамшылатып және жаңбырлатып суару жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы айналымына бұрын пайдаланылмаған тағы 1500 га жерді қосу жоспарлануда. Қазіргі заманғы жабдықтарды орнатуға мемлекет 80% мөлшерінде субсидия береді.

Атап айтқанда, «Генефонд» ЖШС Жайсан ауылында 800 га алаңда су үнемдеу технологияларын енгізді. 300 га жүгері, 500 га жоңышқа егілді. Қазіргі заманғы жабдық өнімділікті едәуір арттырды: егер бұрын 5 мың тонна жоңышқа жиналған болса, қазір оның көлемі 10 мың тоннаға дейін өсті. Егістіктерде үш жаңбырлатқыш қондырғы және екі барабан қондырғысы жұмыс істейді. Бес сорғы станциясы мен екі ұңғыма салынды. Электр қуатын қамтамасыз ету үшін 400 кВт трансформатор іске қосылды. Сондай-ақ, көлемі 16 мың текше метр су қоймасы бар.

Қазіргі уақытта шаруашылық 800 басқа арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысын жүргізуде. Нысанды іске қосу ағымдағы жылдың қыркүйек - қазан айларына жоспарланған.