17:19 Қазақстан

Түркістан облысында құны 35 млрд теңге болатын жүгеріні терең өңдеу іске қосылады

Түркістан облысында «Қазкрахмал» зауыты салынуда. Құны 35 млрд теңге болатын кәсіпорын Қазақстандағы алғашқы және Орталық Азиядағы жүгеріні терең өңдеу бойынша ең ірі кешен болады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жоба екі кезеңде жүзеге асырылуда. Астықты қабылдау, кептіру және сақтаудың негізгі инфрақұрылымы қазірдің өзінде жасалды және бұл нысандар жұмыс істеп тұр.

Екінші кезеңде терең өңдеу өндірісі кешенінің белсенді құрылысы жүріп жатыр.

Зауыт толық іске қосылғаннан кейін жылына 150 мың тоннаға дейін жүгері өңдеп, 26 түрлі өнім шығаратын болады. Олардың қатарында тағамдық глюкоза, мальтозалы шәрбат, жүгері майы, крахмал және құрама жем бар. Өндіріс қалдықсыз цикл қағидаты бойынша ұйымдастырылып, тек ГМО-сыз табиғи шикізат қолданылады.

Жобаны іске асырудың негізгі мәселелерінің бірі тұрақты шикізат қорын қалыптастыру болып қала береді. Осыған байланысты өңірде жүгері алқаптарын кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Жаңа алқаптар Түркістан облысының Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандарында игерілуде.

Кәсіпорынды автоматтандыру деңгейі шамамен 80% жетеді, бұл өнім сапасына жоғары бақылауды қамтамасыз етуге, өндірістік шығындарды азайтуға және шығарылатын тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Жоба аясында алдыңғы қатарлы халықаралық технологиялар енгізіліп, шетелдік мамандардың тәжірибесі қолданылады.

Зауыт өнімі Қазақстанның ішкі нарығына да, Азия мен Еуропа елдеріне экспортқа да бағдарланатын болады.

Келешекте кәсіпорынның қуатын жылына 300 мың тоннаға дейін ұлғайту, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша 100-ден астам компаниямен халықаралық әріптестікті кеңейту жоспарлануда.