09:15 Қазақстан

ҚТЖ өзінің теңіз флотын құрады

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) одан әрі дамыту үшін теңіз флотын құруға кірісті. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

«KTZ Express еншілес компаниясы - KTZ Express Shipping ЖШС алты әмбебап құрғақ жүк-контейнерлік кемелерді салуға келісімшарттар жасасты. Jiangsu Haizhongzhou Shipping Industry Co., Ltd. компаниясымен төрт кеме салу және Баку кеме жасау зауытымен тағы екеуін салу бойынша келісімшарттарға қол қойылды», - деп компанияда хабарлады.

Жоба Каспий және Қара теңіз бағыттарында жұмыс істеуге бейімделген, жүк көтергіштігі 9 900 тоннаға дейін және сыйымдылығы 537 ЖФБ-ға дейінгі «өзен-теңіз» класты кемелерді салуды көздейді. Бұл теңіз сегментінің ТХКБ бірыңғай логистикалық тізбегіне тиімді интеграциялануын қамтамасыз етеді.

ҚТЖ ақпараты бойынша, кемелер халықаралық талаптар мен экологиялық стандарттарға, соның ішінде IMO және MARPOL нормаларына сәйкес заманауи басқару және навигация жүйелерімен жабдықталады. Классификациялық сүйемелдеуді Bureau Veritas қамтамасыз етеді. Бұл кемелердің қауіпсіздігі, сенімділігі және экологиялық тазалығының жоғары деңгейін қамтамасыз етіп, оларды халықаралық маршруттарда тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, сондай-ақ жаһандық жүк жөнелтушілер тарапынан сенімді арттырады.

Жобаны іске асыру Қазақстанның ТХКБ-дағы ұстанымын нығайтуға және маршруттың тұрақты теңіз құрамдас бөлігін қалыптастыруға бағытталған, деп атап өтті ҚТЖ.