09:15 Қазақстан

Қазақстанда 10 млн гектардан астам қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлері қайта бөлінді

Қазақстанда төрт жыл ішінде пайдаланылмаған немесе заңнаманы бұза отырып берілген 14,8 млн га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде бүгінгі таңда 10,8 млн га-ға жуығы қайта бөлінді, 6,7 млн га фермерлерге конкурстық негізде берілді және 4,1 млн га жалпыға ортақ пайдаланылатын жер ретінде бекітілді. Бұл туралы Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы - ҚР жерді пайдалану және қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы Мұрат Теміржанов мәлімдеді.

Сонымен қатар, жер саласындағы тексерулер басталып, шаралар қабылданғаннан кейін фермерлер 5,2 млн га жерді пайдалануға кірісті. Бұзушылықтарды уақтылы жоюға байланысты бұл жерлер қайтарылмады.

Мұрат Теміржанов 2022 жылдан бастап ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалануға 7100-ден астам тексеру жүргізілгенін, бұзушылықтарды жою үшін 5300-ден астам нұсқама енгізілгенін атап өтті. Бұл жұмысты Комитеттің және оның аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, оның ішінде құқық қорғау органдарының белсенді көмегімен, сондай-ақ AMANAT партиялық жобасы комиссиясының мүшелерінің қатысуымен жүргізеді.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың қыркүйегінде Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлерге бұрынғы жер пайдаланушылардан алынғаннан кейін пайдаланылмай қалған 7,5 млн га жерді бөлу жоспарын жолдаған болатын. Осы уақытқа дейін 2022 жылдан бастап барлығы 13,7 млн га жер мемлекеттік меншікке қайтарылды және 6,2 млн га қайта бөлінді. Барлық қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлері 2026 жылдың ортасына дейін өндіріске тартылуы тиіс деп мәлімделді.