15:52 Қазақстан

Абай облысында 254 млрд теңгеге АӨК саласындағы жобалар іске асырылуда

Абай облысында 2031 жылға дейін агроөнеркәсіптік кешенде 254 млрд теңге сомасына 90 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, ет кластерін, құс шаруашылығын дамыту, тауарлы-сүт фермаларын салу, сондай-ақ суармалы жерлерді тиімді пайдалану жөніндегі жобалар көзделген. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Оның ішінде, Бесқарағай ауданында қуаттылығы жылына 150 млн жұмыртқа, инвестиция көлемі 5,5 млрд теңге болатын құс фабрикасын салу жоспарлануда. Нысанды пайдалануға беру ағымдағы жылға жоспарланған.

Бұдан басқа, Жарма ауданында 600 басқа және Бесқарағай ауданында 1200 басқа арналған тауарлы-сүт фермаларын салу көзделген.

Ірі инвестициялық жобалардың Жол картасын іске асыру аясында 2029 жылға дейін 112,5 млрд теңгеге 19 жобаны іске асыру жоспарлануда. Олардың алтауы биыл іске қосылады.

Бірқатар жобалар практикалық іске асыру кезеңіне өткендігі атап өтілді. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың ақпан айында құны 4 млрд теңге болатын бұршақ және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеу және тазарту бойынша «Агролидер KAZ» ЖШС зауыты пайдалануға берілді.

Жақын арада инвестиция көлемі 8,3 млрд теңгені құрайтын «Qazaq Astyq Group» ЖШС негізінде қуаты жылына 72 мың тонна тазартылған күнбағыс майын өндіретін зауыт, сондай-ақ инвестициясы 7,7 млрд теңгені құрайтын қуаты жылына 11,4 мың тонна өнім шығаратын «Еуразия Агро Семей» ЖШС негізінде ет комбинатын салу жоспарланған.