10:35 Қазақстан

Қазақстанда егіс жұмыстарының цифрлық мониторингі басталды

Қазақстанда көктемгі егіс жұмыстарының барысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін егіс науқанының мониторингінің цифрлық жүйесі енгізілді. Жаңа құрал қазірдің өзінде ел өңірлерінде белсенді егіс жүргізу аясында пилоттық режимде сыналуда. Бұл туралы үкімет отырысы барысында ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді.

«Шешім көктемгі егіс жұмыстарының барысы, егіс құрылымы мен көлемі туралы мәліметтерді жедел форматта алуға, сондай-ақ ағымдағы ахуалды бақылау үшін жиынтық талдамалық ақпаратты қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деді Азат Сұлтанов.

Оның айтуынша, алдағы уақытта өндірістік процестерді болжау үшін аналитика құралдары мен жасанды интеллект элементтерін енгізе отырып, функционалдылықты кеңейту жоспарлануда.

«Бұл деректермен автоматтандырылған алмасуды қамтамасыз етуге, мониторингтің дәлдігін, шешім қабылдаудың жеделдігін және басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті вице-министр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ағымдағы жылы жалпы егіс алқабы 23,8 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден 180 мың гектарға артық. Жоғары табысты дақылдарға басымдық беріледі: майлы дақылдардың ауданы 4 млн гектардан, жемшөп - 3,3 млн гектардан асады. Сондай-ақ, жүгері мен картоптың аумағы ұлғайтылды.

Сонымен бірге егіс алқаптарын әртараптандыру жалғасуда: астық алқабы 127 мың гектарға, оның ішінде бидай - 12,1 млн гектарға дейін қысқарды. Су ресурстарын ескере отырып, күріш пен мақта алқаптары оңтайландырылды.