Қазақстанда 4,5 млн га ауыл шаруашылығы алқаптары егілді
Егіс науқаны Қазақстанның барлық өңірлерінде басталды. 12 мамырдағы жағдай бойынша 4,5 млн гектар егілді, оның 2 млн гектарына жуығы дәнді дақылдарға, 1 млн гектардан астамы майлы дақылдарға, 388 мың гектары жемшөпке, 206,3 мың гектары көкөніс - бақша дақылдары мен картопқа тиесілі. Бұл туралы үкімет отырысы барысында ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, жалпы егіс алқабы 23,8 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылдың деңгейінен 180 мың гектарға артық. Майлы дақылдардың ауданы 4 млн гектардан, жемшөп дақылдарының ауданы 3,3 млн гектардан асады. Жүгері алқабы 265 мың гектарға дейін кеңейтілді, ал ұйымдасқан шаруашылықтарда картоп отырғызу 10 мың гектарға ұлғаяды.
«Әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Ағымдағы жылы бидай алқабы 125 мың гектарға қысқарады және 12,1 млн гектарды құрайды. Сондай-ақ су ресурстарына жүктемені азайту мақсатында күріш алқаптары 20,2 мың гектарға оңтайландырылды. Мақта алқабы 162,4 мың гектарды құрайды, оның ішінде тамшылатып суару алқаптары 29,8 мың гектарға ұлғаяды, ал суарудың дәстүрлі әдістерінен 12 мың гектарға азаяды. Бекітілген егіс құрылымы егіннің қажетті көлемін алуға және сыртқы сұраныс конъюнктурасын ескеруге мүмкіндік береді», — деп атап өтті вице-министр.