Қазақстан Қытайдың цифрлық астық платформасында алғашқы мәмілені тіркеді
Қытайдың қолданыстағы цифрлық астық саудасы платформасының қазақстандық бөлімі пилоттық режимде іске қосылды. Отандық SN Trade Company серіктестігі қытайлық Yihai (Changji) Oils&Grains Industries Co., Ltd компаниясына 200 тонна зығыр майының сынақ партиясын жеткізу туралы келісті. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Бұл жобадағы біздің басты міндетіміз – қазақстандық ауыл шаруашылығы өндірушілері мен трейдерлерге өнімдерді онлайн сатуға, сатып алушыларды табуға және Қытай нарығына қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік беру», – деп атап өтті Азық-түлік корпорациясының басқарма төрағасы Асылхан Джувашев.
Онлайн-алаңның іске қосылуы Азық-түлік корпорациясы қытайлық серіктестермен 2025 жылдан бері жүргізіп келе жатқан агроөнім саудасының бірлескен цифрлық тетігін құру туралы келіссөздердің жалғасы болды.
Өткен аптада Астанада Азық-түлік корпорациясы мен Қытайдың Азық-түлік және материалдық резервтер жөніндегі мемлекеттік басқармасы (NAFRA) жанындағы Астық саудасы жөніндегі үйлестіру орталығы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжат екі ел арасындағы астық және майлы өнімдердің цифрлық саудасын дамытуды көздейді.
Пекиндегі Азық-түлік корпорациясының өкілдігінде пилоттық мәміле қазақстандық пайдаланушылар үшін платформаның жұмысын тексеруге, сондай-ақ ықтимал техникалық кемшіліктерді анықтауға және шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бірінші кезеңде күнбағыс, рапс, зығыр және майбұршақты қоса алғанда, негізінен дәнді және майлы дақылдар платформа арқылы сатылады. Болашақта ассортимент қытайлық импорттаушылар тарапынан сұранысқа және қазақстандық жеткізушілердің экспорттық мүмкіндіктеріне қарай кеңейтілуі мүмкін.
Сауда алаңы бірнеше жұмыс форматтарын қарастырады: ашық аукциондар, тараптардың келісімі бойынша мәмілелер және өнімді белгіленген бағамен сату. Міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін кепілдік жарна қарастырылған, ал қатысушылар арасындағы есеп айырысулар платформа арқылы жүргізілуі мүмкін.
Қытайдың астық саудасы платформасы ҚХР-дағы 50 мың ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын біріктіреді және 20 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі қазақстандық компанияларды жүйеге қосу отандық агроөнімдердің Қытай нарығына экспортын кеңейту үшін қосымша мүмкіндіктер туғызады деп есептейді.