Қостанай облысында ірі макарон фабрикасы салынады
Қостанайдағы дәнді-бұршақты дақылдарды өңдеумен айналысатын Kaizen зауытының аумағында қуаттылығы жылына 40 мың тонна өнім болатын макарон фабрикасының құрылысы басталды. Жобаға инвестиция 15 млн долларды құрайды. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Жобаны Arbel түрік холдингі жүзеге асыруда. Макарон фабрикасында 70 жұмыс орны ашылады.
Kaizen зауыты Қостанайда 2023 жылы Arbel холдингінің инвестициялары есебінен салынды.
«Мемлекет басшысы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптік кешендегі өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін арттыру міндетін қойды. Біздің өңір өңдеуші өнеркәсіп көрсеткіштері бойынша республикада көш бастап тұр. Kaizen ЖШС бұл бағытқа елеулі үлес қосуда. Arbel түрік холдингі кәсіпорынға 4 млрд теңге инвестиция салып, нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылды. Өткен жылы компания мемлекетке 100 млн теңгеден астам салық төледі», – деп атап өтті Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Қазіргі уақытта өндірісте дақылдардың төрт түрі өңделеді: бұршақ, ноқат, жасыл және қызыл жасымық. Бүгінгі күні кәсіпорын технологиялық жарақтандыру деңгейі және өндірістік процестерді ұйымдастыру тұрғысынан дәнді-бұршақты дақылдарды өңдеу саласындағы солтүстік өңір үшін бірегей болып саналады. Өндіріс сапа мен қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келетін қосылған құны жоғары өнімдерді шығаруға бағытталған.
Arbel Group компаниялар тобының президенті Хусейн Арсланның айтуынша, өнімдер ішкі нарыққа да, экспортқа да жеткізіледі. Сыртқы сауда географиясына Түркия, Алжир, Ауғанстан, сондай-ақ бірқатар Еуропа елдері кіреді. 2025 жылы кәсіпорын 180 мың тонна өнім өндіріп, экспорттады.
Әкімдікте сондай-ақ, жалпы Қостанай облысы Қазақстанда өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспорты бойынша көш бастап тұрғанын атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан бойынша агроөнеркәсіптік кешеннің өңделген өнімінің экспорты 8,5 млн тоннаны құрады, оның ішінде Қостанай облысының үлесі – 2,7 млн тонна немесе 27,2%.