10:21 Қазақстан

Петропавлда донаттар шығаратын зауыт іске қосылды

Петропавл қаласында, Qyzyljar АЭА аумағында «Бейкертон» зауытының алғашқы өндірістік желісі іске қосылды. Кәсіпорын ұзақ уақыт сақталатын нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер шығарады. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов хабарлады.

Донат өндіретін өндірісті іске қосу жобасына 37 млрд теңге инвестиция салынды.

«Кешен екі өндірістік желіге есептелген. Толық қуатына шыққаннан кейін жылына 15 мың тоннаға дейін өнім өндіре алады. Екінші желі іске қосылған кезде 378 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Өнімдер Қазақстан бойынша жеткізіліп, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанға экспортталады», – деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Әкімнің айтуынша, зауытта Австрия, Германия, Италия, Испания және Францияда өндірілген жабдықтар орнатылған. Өндірістің жекелеген операцияларын адамның қатысуынсыз сегіз робот орындайды.

«Мемлекет басшысы алдымызға сапалы инвестициялар тарту, қайта өңдеу саласын дамыту және жұмыс орындарын құру міндетін қойып отыр. Жаңа өндірістің іске қосылуы – СҚО-да осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстың нақты нәтижесі», – деп атап өтті Ғауез Нұрмұхамбетов.