12:12 Қазақстан

Қазақстанның бес өңірінде бизнесті сүйемелдеу орталықтары ашылады

Үкіметте бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталықтарын (БҚСО) құру тұжырымдамасы таныстырылды. Пилоттық жоба «Даму» қорының Астана, Алматы, Шымкент, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы өңірлік филиалдарының негізінде іске асырылатын болады, деп үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

«Даму» қорының басқарма төрағасы Фархат Сарсекеев бүгінде кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаудың түрлі құралдары қолжетімді екенін, бірақ қиындықтар туындаған кезде бизнес қайда жүгінетінін білмей қалатынын атап өтті. Мәселені анықтаудан бастап оны реттеуге дейін бизнесті кешенді сүйемелдеудің бірыңғай тетігін әзірлеу қажеттілігі туындады.

«Қолдау орталықтарын құру кезінде «Атамекен» ҰКП проблемалық мәселелер тізілімінен 2,4 мыңнан астам ШОБ өтінішіне талдау жасалды. Оның 600-ден астамы пилоттық жобаны іске қосу жоспарланған өңірлерден келіп түскен. Бизнес өтініштерінің негізгі бөлігі қаржыландыруға қол жеткізу, берешекті қайта құрылымдау, мемлекеттік қолдау шараларын алу, салық, өнімді өткізу, кәсіпкерлік құзыреттерді дамыту бойынша консультациялар туралы. Сондай-ақ сұраныстардың едәуір бөлігі АӨК секторына қатысты. БҚСО дәл осы бағытта жұмыс істейді. Бұл ретте орталықтардың тиімділігінің негізгі көрсеткіші өткізілген консультацияның саны емес, кәсіпкерлердің реттелген мәселелерінің үлесі болады», — деп атап өтті Фархат Сәрсекеев.

Орталықтардың жұмысы «бір терезе» қағидаты бойынша құрылатын болады, онда «Даму» қорының филиалдары негізінде барлық толғандыратын мәселелер бойынша кеңес алуға болады. Қыркүйектен желтоқсанға дейін созылатын бес өңірдегі пилоттық жобаның қорытындысы бойынша жаңа тетіктің тиімділігіне бағалау жүргізіліп, жобаны еліміздің барлық өңірлеріне кеңейту туралы шешім қабылданады.

Презентациядан кейін орталықтарды іске қосу және жұмыс істеу тетіктерін әзірлеу үшін мүдделі мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, қаржылық реттеушілердің және «Даму» қорының өкілдерінен тұратын жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.